Шағала қайда, шағала?

Бұл бетте «Шағала қайда, шағала?» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Шағала қайда ақтамақ,
Жайымды ұғар жалт қарап?
Жарама ащы тұз септi-ау,
Жағада жүрген жат қонақ...
Әу бастан асыл сүйегi
Аққуым қайда киелi?
АҺ ұрып кiмдi жоқтайды
Айдынның ақжем жиегi?
Көгала үйрек, қаз қайда?
Көруге тағдыр жазбай ма?..
Көрiксiз өңiр, көкмұнар
Көңiлдiң шерiн қозғай ма?..
Толқыны сөгiп қолтығын,
Ала алмай жатыр көл тыным.
Қарғаны қайтсiн,
Жағада
Шұқылап жүрген жемтiгiн!
Аймалап алтын жағаны,
Көл жатыр жалтылдап әлi.
Қарадай тиер жыныңа
Қарғаның қарқылдағаны!
Шағала қайда ақтамақ,
Көрiнбей қойған апталап?
...Қасиеттi мынау мекендi
Қашанғы Қарға қаптамақ?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері