Өсиет – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Өсиет» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3054
Тұрмын алып бас киімді
Туысқандар қабырында.
Көздерімнен жас құйылды
Жаным батып ауыр мұңға.
Қайта оралды алыс қайғы
Қаралы бұлт кескініндей.
Жел азынап дауыстайды
Өлген жандар өксігіндей.
Жаудың ізі жатыр сайрап,
Тростонец дөңесінде.
Көп халықты атып, айдап,
Өртеген пеш өңешінде.
Міне, осы жау ғаламаты
Құртудан жоқ құлқы басқа.
Өлгендердің аманаты
Жазулы тұр құлпы таста.
Жауын-шашын шайса-дағы,
Әлі әріптер көнермеген.
Сол өсиет ой салады,
Тасқа жазған өлеңменен.
«Жаулар турап жапырақтап,
Ет кессе де етімізден.
Тұрдық адам атын ақтап,
Сырды шашпай шетімізден.
Тартып азап ең ауырын,
Біз көмілдік бүгін жерге,
Тапсырамыз жер тағдырын,
Аманат қып тірілерге».
Осы сөздер жалын болып,
Құйылғандай қанымызға,
Алай-түлей дауыл соғып,
Тұрғандай бір жанымызда.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері