Жас қазақ
Бұл бетте «Жас қазақ» атты Мұзафар Әлімбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қазақ ССР Халық артисі Жүсіпбек Елебековке
І
Сағынышты қамкөңілмен ұласып,
Күз аспаны бірде күңгірт,
бірде ашық,
Бір жас қазақ отыр окоп ішінде,
Домбырамен-серігімен сырласып.
Сағынағаны – Сары Арқасы-өлкесі,
Сағынғаны – сұлу, кербез еркесі.
Сағынғаны – Торғай өзен толқыны,
Сағынғаны – Баян таудың өркеші.
Батқан кеше тұңғиыққа жоғалып,
Табылмаған,
ұғылмаған әлі анық,
Әлі тылсым,
әлі бұлдыр қоңыр саз
Қайта келді қос пернеге оралып…
ІІ
Сағынышты қамкөңілмен ұласып,
Күз аспаны бірде күңгірт,
бірде ашық,
Бір жас қазақ отыр окоп ішінде,
Әнші ағасы – Жүсіпбекпен сырласып.
– Кең көсілер менде қанша шама бар?!
Көңіл күйін елім өзі бағалар.
Кеудесіне домбыраның қондыр да,
Бір балаңның сәлемі деп ала бар.
Сөзі қандай,
өзі қандай сүйкімді!
Шертер еді-ау көкей сырын мың түрлі,
Шабуылға кете барды жас қазақ,
Жақсы ағаның көзіне жас іркілді…
ІІІ
Ал, Жүсеке,
«Жас қазақты» басташы,
Ал, жігіттер,
Әнші ағаны қосташы.
Өлмес өнер, ұмытылмас есімін,
Ердің даңқын бір көтеріп тасташы!
Елестесін «кең дала қар жамылған»,
Өтсін сонау отты жылдар алдыңнан.
Өз әніндей сүйе білген өз елін,
Шықсын алға батыр қазақ балдырған.
22 февраль 1957 жыл
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі