Қуанышыңды қалап ем

Бұл бетте «Қуанышыңды қалап ем» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қуанышыңды қалап ем,
Қайғыңды бердің, Құдайым.
Сабырлық етіп санамен,
Шыдайын, шүкір қылайын.
Шымырлап тас емшегім
Иігеніне – шүкірлік.
Келте ғұмыр кемше күн
Сүйгеніме – шүкірлік.
Өксігіме буынып,
Қай датымды айтармын?!
Қызбай жатып суынып,
Бергеніңді қайта алдың.
Қаралы тон дерт еміп
Кигеніме – шүкірлік.
Тозағына өртеніп,
Күйгеніме – шүкірлік...
Қарағымның артында
Қалғаныма – шүкірмін.
Талайыңа – талқыңа –
Тағдырыңа түкірдім!
Шүкір!
Шүкір!
Арыстай
Ұл бергенің – рас-ты.
Темір текті талыстай,
Кеңге жайдым құлашты.
Келіп тірлік оясы,
Толады орта-кемісім.
Жанның мұнар саясы
Мәңгі тірі мен үшін.
Жүрегімде – тұрағы,
Өлгені оның – Өтірік:
Май ішкендей қылады,
Берекемді кетіріп!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері