Құдіретсіме

Бұл бетте «Құдіретсіме» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құдіретсіме,
Хақсыма,
Неге керек ісіну?!
Қолыңда, рас, жақсыға –
Жайдың оғын түсіру!
Талайды естен танғыздың,
Намақұл-ды бөсіну?!
Еркің,
Құдай,
Жалғыздың
Жанған отын өшіру!
...Дегенменен,
Пендеңнің
Тасқа шаппа таланын:
Табиғатымды меңгердім,
Бұздым тылсым қамалын.
Жаманымды кісендеп,
Жатқа құлпын ашпаймын.
Жалп еткізеді екен деп.
Жақсарудан қашпаймын.
Ой-қиялым күшінде,
Құс-қанаты талмастай –
Кіл жасықтың ішінде
Жарқылдаған алмастай –
Жырдан таптым жарасым,
Отқа, суға сала ма?!
Алсаң – жанымды аласың,
Жалғызымнан Садаға!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері