Жасыл шу

Бұл бетте «Жасыл шу» атты Николай Некрасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Келді, жетті жасыл шу,
Жасылды шу, жазғы шу.
Ойнақ салып, әндетіп,
Жел жорғасын шайқалтып,
Шөп, бұтаны теңселтіп,
Бәйшешекті құлпыртып,
Бұлтты айдай, құтыртып.
Жасыл аспан, жасыл су,
Келді жетті жасыл шу,
Жасылды шу, жазғы шу.
Наталья дейтұғын
Қойдан қоңыр әйелім,
Мен қалаға барғанда
Ұшырапты бір сорға.
Аузыңа түскір тас,
Айтады өзі, есуас.
Достым үйге иемденді,
Әйеліммен серуенді
Салды: қыстың қысқаны-ай,
Қысылдым-ау бірнеше ай.
Қатын көзге салды шөп,
Жалғыз жылы сөзі жоқ.
Қарайды қатын бетіме
Ақыра, сөге, жекіре.
Ұяламын… Менде үн жоқ,
Ызалы кек, жаман ой,
Жанымды жаман жеді ғой.
Өлтірсем бе екен? Обал көп…
Шыдасам ба екен? Сабырым жоқ.
Қыс бір жақтан қысқаны-ай,
Қысылдым-ау бірнеше ай.
Күндіз-түні жоқ мазам:
Азғынды өлтір! Бауызда,
Басыңды босат жауыздан.
Әміріңе зарлайсың,
Күндіз күлкі, түнде ұйқы,
Бір тыныштық алмайсың.
Арсыз көрші айналаң
Кәдіріңді кетіре
Түкіреді бетіңе.
Боран әндеп көкіді,
Ойға сұмдық бекіді.
Пышақты өткір қайрадым.
Жаз шығыпты, қарадым.
Келді, жетті жасыл шу,
Жасылды шу, жазғы шу.
Ақ жамылып шайқалып,
Шие бақша жайқалып,
Ақырын ғана шулайды.
Күн шуаққа найқалып,
Той қылғандай дулайды.
Қалың тоғай, қарағай,
Жасыл жапырақ, көкорай.
Әнге басты жаңа саз.
Боз жапырақ жөке ағаш,
Жасыл желек жамылған.
Соққан жылы жел сайын,
Солқылдайды ақ қайың.
Сылдырайды тас бұлақ,
Судырайды жас құрақ.
Шуылдайды зор кілең,
Жан-жануар айтты өлең.
Шуылдайды жаңа әнмен,
Жаңа сазбен, жазғы әрмен.
Келді, жетті жасыл шу,
Әлсіреді жаман ой,
Пышақ қолдан түсті ғой…
Жан-жағым ән шулаған,
Жерде-көкте бір-ақ ән:
«Сүй, сүйетін кезіңде,
Шыда, шыдар кезінде,
Қоштас кетер кезіңде,
Тапсыр тәңірің өзіне!»

Аударма: Ілияс Жансүгіров


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері