Гаудан қақпасы

Бұл бетте «Гаудан қақпасы» атты Николай Тихонов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Туған болсам егерде
Азияның жерінде,
Мешхед бенен Калаттан
Кетер едім бұл жақтан
Солтүстікке жол тартып…
Қашар едім құлдықтан,
Кәрлі, зәрлі байымнан,
Жоқшылықтан қаңғыртқан.
Қамшы менен пышақтан
Безер едім бер жаққа;
Туындай зор майданның,
Қуанышымдай ардақты –
Қақпасына Гауданның
Қылар едім тауапты.
Өйткені бұл қақпада
Чарыкерге, құлдарға,
Шаруаларға, диқанға
Жазып қойған тұр сөзі:
«Мұнда Совет Союзы».

Бұл Гауданым – сол Гаудан:
Жатқан мынау жол жылан;
Сол жыланға құрылған
Тұзақ – Гаудан; Сол жаудан
Қағар қақпа – сол Гаудан,
Айда, жылда, күн, түнде
Жау тауының үстінде
Тұрған Гаудан – жауға сақ;
Жауға айбынды қамалдай,
Айдынды айғай, көрген жақ.
Бұл Гауданым – сол Гаудан:
Шығыстағы үнді-иран
Қамалының түбінде,
Коммунизм күніне
Арнап тіккен ту, ұран –
Коммунистер дабылы
Азаттыққа шақырған.
Жау келеді қақпаға
Жай бір ғана пышқыдай.
Онда біздің тұр күзет,
Біздің жұмыс емес жай.
Шегарадығы отряд
Жауға жеккен күшті ұдай.
Өзгені де, өзін де
Тексереді бір тынбай.
Адамды, аттың тағасын,
Гасторгтің қағазын
Қадағалап қарайды.
Өткен менен кеткенді
Қақпа анықтап санайды.
Мұндағы көз қырағы,
Өткір күннің нұрындай.
Қуаныштың қақпасы
Гаудан – шаттық шыңындай.
Егер тауға тіл бітсе,
Кеңестерін гулетсе;
Егер түнге қол бітсе,
Жазып қалам жүгіртсе;
Әлі ақындар айтпаған,
Әлі газет таппаған,
Естілмеген соны сөз
Есітер ек сонда біз!
Шегараның ерлері
Міне, сондай жұмыста;
Ұлы Отанның қақпасы
Гаудан біздің шығыста.
Таң алдында нұр берген,
Маған мұндай ой келген:
Үстіндегі бұл таудың,
Бұл қақпасын Гауданның
Орнатармыз біз бір күн –
Теңізіне үндінің.

Аударма: Ілияс Жансүгіров


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер