А-дан Я-ға дейін (Әліппе жыры)
Бұл бетте «А-дан Я-ға дейін (Әліппе жыры)» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ананың абзал арманы,
Ақ тілек – елдің қорғаны.
Адам боп келсең өмірге,
Адал боп жүрсең болғаны.
Әрқашан, ана, сенемін,
Әлдилеп өтер бөбегін,
Әділет барда өмір бар,
Әуелеп шырқар өлеңін.
Бақытқа қолын жетті ме?!
Баянды болсын деп тіле!
Байлық пен мансап кімде жоқ,
Бір күндей болмай өтті де.
«Волгамен» кейде сайрандап,
Вальс та тептік тайраңдап.
Вымпелдер алып жарыста,
Вулканға тұрдық қайран қап.
Гүл жайнап жүрсек күнде біз,
Гимнді ғажап жыр деңіз.
Гербті тұр ғой көтеріп,
Гранит сынды іргеміз.
Ғылымға көңіл бөлеміз,
Ғаламды зерттеп келеміз.
Ғарышта сайран салады
Ғажайып біздің кемеміз.
Дүркіреп өткен дәуренім,
Дәрменім болдың сен менің,
Даламда дүбір естіліп,
Достардың көрдім өрнегін.
Еңбектеп келген «мықтымын»,
Ерінбей жүріп, тік тұрдым.
Елгезек пейіл көрсетіп,
Елдіктің мәнін ұқтырдым.
Жаздарым өтті жадырап,
Жатпады жайлау қаңырап,
Жастықтың жайсаң төсінде
Жарасып тұрды шаңырақ.
Заңғарға создым қолымды,
Зейнетім болды толымды.
Зиянын маған тигізбей,
Заманым салды жолымды.
Игілік десе, көз ілмей,
Идірдім нәзік сезіммен.
Инабат жібін өткіздім
Иненің құйттай көзінен.
Кішінің мұңын тыңдадым,
Кісінің сырын жырладым.
Көңілде қалмай кілтипан,
Көрікте жырды шыңдадым.
Қайрат пен қадір секілді
Қазына таптым не түрлі.
Қанағат қарын тойдырып,
Қанағат өсіп жетілді.
Лашындай көкте самғадым,
Лапылдап жанып, лауладым,
Ләззат тауып еңбектен,
Лебізімді арнадым.
Мархаббат, мөлдір махаббат
Мөлтілдеп, төкті шапағат,
Майсада жасыл масайрап,
Мауқымды бастым жата қап.
Нақыл мен ақыл қаймағын
Нәр қылып бойға жинадым.
Намысқа тиген жан болса,
Найзағай болып ойнадым.
Отаным, нені көрмедің?!
Ордалы жауға көнбедім.
Ошақтың басын ойрандап,
От салды дұшпан, өлмедім.
Өжеттер жасап даңқты,
Өмірге құйды жарықты.
Өркенін жайды жас өскін,
Өшкен жоқ, ерлік танытты!
Пай-пай-пай, неткен мәрт еді,
Пәленің дертін өртеді.
Парызын ақтап ерлікпен,
Парасат болды – ертеңі.
Рахымның жолы ашылды,
Рахман нұры шашылды.
Рауандап атқан таң-сұлу
Рақатын тағы асырды.
Сабырға беріп ерікті,
Салтанат, сауық көріпті.
Сағыныш жыры – сәйгүлік
Сайланып сонда келіпті.
Тағдырдың жолы сан тарау,
Тауқімет – жүгін арқалау.
Таңдайың жарық күндермен
Табысып жүрсің, қалқам-ау!
Уайым кімнің қорегі?
Уһлеп қанша керегі?
Уылжып тұрған уызға
Уыты кетер дер едім.
Ұқыпты болсақ өзіміз,
Ұғымсыз қалмас сөзіміз.
Ұршықтай қылып үйіріп,
Ұйытар, ұйыр кезіміз…
Үрдістен таңсақ – бұл бір сын,
Үркердей болар, кім білсін?!
Үзілмей үрім-бұтағым,
Үйірім үй боп үлгерсін.
Халқымыз неге өкінсін,
Хош болып көңілі, бекінсін.
Харамға аяқ бастырмас
Хакімдер өсіп-жетілсін!
Һаманда жайнап аспаным,
Һаманда болмай баста мұң,
Һа-Һайлап, жаудан қаймықпас,
Қаһарман болсын достарым!
Цифрға толса бай ғасыр,
Цивилизацияның пайдасы.
Циклон – дауыл соқпасын,
Цехтарда еңбек қайнасын.
Ызбардың ізі болмасын,
Ызғардың табы қалмасын.
Ындыны құрып ұшпасын
Ызылдап оқтар қорғасын.
Ізгілік мәңгі жасасын,
Індеттен жерім босасын.
Іргеде ана тұрмасын
Інгендей іздеп ботасын.
Эфирге шықса бұл ғасыр,
Эпилог нашар болмасын.
Экран ерлік көрсетсе,
Эпостар ерді жырласын.
Яки, көптің аңсары,
Яғни, мына Жер шары,
Япыр-ау, қандай ғажайып,
Япыр-ау, қандай дер шағы!
Болса да бұрын сан бүлік,
Арманмен абзал жаңғырып,
Үміттің отын жандырып,
Жасайды жерім мәңгілік!
Арт жағын бақсақ әліптің,
Келмеске кетер анық мұң,
Ж Ы Р Ы осы
Барлық әріптің,
Ү Н І осы
Барлық халықтың!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі