Зағиб
Бұл бетте «Зағиб» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Барлығы қап-қара, қап-қара,
Қап-қара қолына ұстаған
ақ нан да, мақта да.
Қап-қара жарық күн,
Қап-қара Ай.
Қымтаған жер бетін
Түн де түн,
Күн де түн,
Тұтасқан түнектің жанына батқаны-ай.
Ақ сүттің түсін ол білмейді,
Ақ түнді қызықтап жүрмейді,
Қарадан басқа түс бар десең, сенбейді,
Туғалы көрмейді жарықты,
Жер басып жүрсе де,
Қалыпты құр сүлде,
Мойынға киіп ап қап-қара қамытты.
Қап-қара түндерді жамылған,
Жап-жарық күндерді сағынған,
Талай қыс, талай ай өткенде,
Кез болды бір емші жанарын емдейтін,
О, ғажап !
Таң ата Күн нұрын төккенде,
Оянып кеткенде,
Ашылды көздері көрмейтін.
Ақ сәуле жап-жарық
Қараңғы түнекті қақ жарып,
Келді де ауыртты жанарын,
Бұрынғы қолымен сезгенін
Ұстады көздері,
Жап-жарық сәуленің тілімен,
Жап-жарық сәуленің үнімен
Шырқады Таң әнін.
Зымырап күн өтті, түн өтті,
Аптығып ай өтті,
асығып жыл өтті…
Жүрсе де асықпай аралап,
Жап-жасыл жердегі күл-қоқыс,
Жап-жарық айдағы қара дақ
Көздерін жүдетті.
Ақ жүзді жандардың қап-қара көңілі,
Ақ көңіл жандардың қараңғы сенімі,
Қинады жап-жарық жүректі.
Қап-қара күйені көздері көргенде,
Өкінді қараңғы мекеннен келгенге,
Тамыры бүлкілдеп соқпады,
Тоқтады жүрегі шерменде.
Үзілді бір өмір…
Дір етті денем де.
Өліктің көздері сұп-суық
Жатты үнсіз қадалып
Жақсылық, жамандық аралас
Белгісіз әлемге…
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі