Адалдық
Бұл бетте «Адалдық» атты Ақылбек Шаяхмет жазған адамгершілік туралы өлең берілген.
«Оны осыдан екі жыл бұрын алысқа аттанған аңшы жігіт анықтамасы жоқ болғандықтан әуежайда тастап кетуге мәжбүр болған еді. Содан бері сенімді ит келген ұшақтардың жолын тосып, күндіз-түні қожайынын күтеді». газеттен
Қабаған төбеттерден жасымаған,
Абалап көрінгенге, тасымаған,
Жарықтық, ит еді ғой сырттан нағыз,
Сүт беріп күшігінен асыраған.
Ғажайып осы әлемге елтіп жүріп,
Көңілін қарғыбаусыз желпіндіріп.
Жылтырап жон терісі, сескенбестен
Бөлмеге жүруші еді еркін кіріп.
Бір қырсық оған кенет таянған-ды,
Кімдерге құрақ ұшып, жаяр жанды?!
Бір күні қожайыны алыс жаққа,
Сапарға шықпақ болып даярланды.
Кездесер кім-кімге де мың сын әлі,
Қиынға жетіп төзім, кім шыдады?!
Жығылып аяғына серігінің,
«Мені де ала кет!» – деп қыңсылады.
Қожайын көргеннен соң қанық халды,
Өзіне ілестіріп алып барды.
Алайда елмен бірге рұқсатсыз.
Итінің мінбейтіні анықталды.
Өтініш жасаса да, қайран болмай,
Амалсыз кете барды жолдан қалмай.
Ит қалды көкке қарап арс-арс етіп,
Бір рет өмірінде алданғаны-ай!
Көңілі қалай ғана жасымасын?!
Болат құс алып кетті досын асыл.
Шоңқиып қала берді жол үстінде,
Дегендей: «Енді қайда асығасың?»
Күтеді ол…
Күту деген неткен жаман?!
Күтеді келеді деп кеткен адам.
Қарайды түріне оның аң-таң болып,
Қасынан әрлі-берлі өткен адам.
Бұл неге онымен бір бола алмады?
Келер ме енді жылдам?
Сол арманы.
Кеш батты…
Жалғыз жатты жол үстінде,
Таң да атты,
Бірақ, қайта оралмады.
Күн өтті, айлар өтті, сонардағы
Жас аңшы мұнда қайтып қона алмады.
Ол әлде күтпейді деп ойлады ма,
Әйтеуір, серігіне оралмады.
Қалмаған өмірінің мәні де түк,
Ит отыр қожайының әлі күтіп.
Іздейді жолаушылар арасынан,
Қалғанша ақтық тыныс, демі бітіп.
Тағдыры қарық қылып «сыйға» бөтен,
Трапты күзеттіріп қойған екен.
Қалдырса кейде достар көңілімді,
Немесе ызғар шалса сенімімді,
Адамдар дәл осы иттей асыл жанын
Күте ме,
Күтпей ме?! – деп ойға кетем..
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі