Үш сурет

Бұл бетте «Үш сурет» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Білетін атағын
Баласы әр үйдің,
Бауыржан атаны
Мен жақсы танимын.
Салдым мен атаның
Отты, өткір көздерін.
Бастағы папағын,
Самсаған орденін.
Содан соң ұсынып,
Суретті атама,
Сұрадым қысылып:
«Ұқсай ма атаға?»
Жасаурап жанары,
Аймалап ол мені:
«Атаңдай, қарағым,
Бақытты бол!» – деді.
Ал біздің ауылда
Бар тағы Бауыржан.
Саспайды дауылда,
Қашпайды ауырдан.
Білемін мән-жайын
Егінші ағайдың.
Айдайды комбаин
Орақта талай күн.
Аралап жүретін
Егістің танабын,
Салдым мен суретін
Қадірлі ағаның.
Содан соң ұсынып
Суретті анама.
Сұрадым қысылып:
«Ұқсай ма ағаға?»
«Жақсы екен талабың», –
Құшақтап ол мені:
«Ағаңдай, қарағым,
Еңбеккер бол!» – деді.
Сөзіне анамның
Қуанып қалдым мен.
Ғарышкер баланың
Суретін салдым мен.
Тіп-тіке иығы,
Көздері қап-қара.
Жарасты киімі
Өзіне шақ қана.
Айналам табанда
Болғандай жап-жарық.
«Бұл кім?» – деп анам да,
Сұрады таң қалып.
«Бұл менмін!
Жас талап,
Кәдімгі Бауыржан,
Кішкентай ғарышкер
Кішкентай ауылдан.
Ұшамын алысқа,
Қайтпайды талабым», –
Дедім мен:
«Марсқа,
Шолпанға барамын!
Самғасам алысқа,
Жайнайды жанарым.
Тоқтар мен Талғаттай
Ғарышкер боламын.
Шарлап бар ғаламды,
Жеріме қонамын.
Ақ ниет адамның
Алғысын аламын!»


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері