Жаға және жең

Бұл бетте «Жаға және жең» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Таза ғой деп кигенім,
Жүрген күнім шамалы.
Сыртқа шықсам жейдемнің
Жеңдері кір болады.
Көрсетеді кім үлгі,
Назар салып қарашы.
Шаң қонғанда киімнің
Былғанады жағасы.
Кір-қоқысқа жолама,
Жол бойында тап болар.
Таза жүрсең далада,
Жең мен жағаң ақ болар.
«Жағаң таза болсын деп,
Жеңің таза болсын!»- деп,
Айтқан кезде анашың,
Жүрме, қалқам, қол сілтеп.
Жұрт сүйсініп қараған,
Жақсылыққа балаған,
Тазалығы дененің
Көрінеді жағадан.
Түрлі жерге бардың ба,
Үлгі-өнеге алдың ба?
Байқалады жеңіңнен
Тазалығы қолдың да.
Ісін жасап қалаған,
Біріге алса бар адам.
Қол шығады бір жеңнен,
Бас шығады жағадан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері