Ойнайық та, ойлайық!

Бұл бетте «Ойнайық та, ойлайық!» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Хор:
Екі топқа бөлініп,
Кел, балалар, ойнайық!
Тұрмай босқа керіліп,
Ойнайық та, ойлайық!
Бір әріптен ендеше
Бастап сөзді айтайық,
Жаман сөздер кез болса,
Басымызды шайқайық.
Керек мықты төзім де,
Асықпайық, саспайық!
Жаман сөздің өзін де
Бір әріптен бастайық.
Бірінші топ:
Алла, адам, адал, ар.
Әппақ, әділ, әдепті.
Бота, бала, бұлақ,бал,
Бақша, бақыт, береке.
Дәуір, диқан, дастархан.
Жеміс, жүзім, жая, жал.
Мейрам, мадақ, мереке.
Өрен, өмір, өнерпаз.
Көркем, кербез, көрікті.
Талап, тілек, талғампаз.
Екінші топ:
Жалған айтсақ – ол да сын,
Біз айтайық жалғасын:
Аяр, арам, айқайшыл,
Әпербақан, әсемпаз.
Бұзық, болбыр,бойкүйез,
Долы, добал, дүдамал.
Жалқау, жабы, жасқаншақ.
Жалтақ, жасық, жағымпаз.
Мимырт, маңғаз, мақтаншақ.
Өтірікші, өсекші,
Даңғой, даукес, дүрдараз.
Бірінші топ:
Адал, асыл, айбатты,
Батыл, батыр, баянды.
Қамқор, қызық, қайратты.
Жарқын, жақсы, жайдарлы.
Есті, епті, елгезек.
Кішіпейіл, көңілді.
Инабатты, ибалы,
Заңғар, зерек, зейінді.
Екінші топ:
Кекірейген, керілген,
Күншіл, кекшіл, көңілшек.
Епсіз, еңкіш, есерсоқ,
Ессіз, енжар, еріншек.
Жылтырауық, жігерсіз,
Жынды, жемір, жиіркеншек.
Бірінші топ:
Ақылды, аңқылдақ, ажарлы.
Бақытты, байқампаз, базарлы.
Шып-шымыр, шыныққан, шыдамды.
Ұғымтал, ұсынақты, ұнамды.
Екінші топ:
Дарақы, дарқылдақ, дүңкілдек,
Ізетсіз, ілімсіз, іркілдек.
Күржиген, кірпияз, күңкілдек.
Шоңқиған, шалдуар, шіңкілдек.
Хор:
Кел, балалар, ойнайық,
Ойынға біз тоймайық.
Әрбір сөздің мәні бар,
Сол жағын да ойлайық!
Жақсы сөзді үйреніп,
Алға қадам басайық.
Жаман сөзден жиреніп,
Атшаптырым қашайық.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері