Мысалдар

Бұл бетте «Мысалдар» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қарап тұрсаң, мысалы көп, нышаны көп тіршіліктің,
Тікен өскен алаңқайда көз қызығар гүл шығып тұр.
Көрген кезде тыным алмай нәр жинаған бал арасын,
Отырсаң да көштен қалмай, қалай ғана демаласың.
Ұшып-қонып жүрген торғай қозғап әрбір бұта басын,
Көрді ме екен жібек құртын мекен қылған тұт ағашын?!
Тал-шыбықтар өссе бойлап бәйтеректің қалқасында,
Су ішеді қанып әбден күрмек күріш арқасында.
Жаралған соң бұл жалғанда жатар дейсің құр қалып кім?
Өсімдікке шырматылар сабақтары шырмауықтың.
Қысқа деген азықтарын жазда сайлап құмырсқалар,
Қол қусырып қарап тұрмай, күнде жаңа жұмыс табар.
Білгің келсе іске мығым кім екенін еңбекшінің,
Тоқиды екен тордың өзін ұрғашысы өрмекшінің.
Көкек болса өзі туған тастай қашса жұмыртқасын,
Тауық құрлы ми жоқ болса, оның ісін кім құптасын?!
Кірпікшешен инелері, тас сауыты тасбақаның
Болмағандар амал тауып, жасап жатыр басқа қамын.
Балықты да еңбек етіп алған болса судан адам,
Тапқан жемін жеген қарға екі шұқып, бір қараған.
Көрсе бүркіт қырағы көз қашқан аңды ту қиядан,
Күжірейген қоңыр аю табанына май жинаған.
Мысалдар бар таптырмайтын, үлгі ететін, үйренетін,
Мысалдар бар жақтырмайтын, жеркенетін, жиренетін.
Соның көбін тау мен сайда, ой мен қырда көріп-өскен
Адамдар да мекен-жайда қилы-қилы ғұмыр кешкен…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері