Көргеніміз көп біздің
Бұл бетте «Көргеніміз көп біздің» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
толғау
Адамзатты бағала,
Алма бағын арала,
Татқан дәмін алманың
Адам ата, Хауа ана.
Алма десе, алғанбыз,
Салма десе, салғанбыз,
Бәлкім, сосын шайтанның
Қарғысына қалғанбыз.
Жылқы мінген бабамыз
Ұрпағына әлі аңыз.
Баба жүрген биікке
Жетпей жатыр санамыз.
Балқан, Балқан, Балқан тау,
Ол да біздің барған тау.
Алтайды асып барғанға
Тянь-Шань емес, Тәңірі тау.
Ұлы жеткен Ұрымға,
Қызы кеткен Қырымға,
Түркілердің ерлігі
Ел есінде бұрын да.
Жырақ кетіп елден біз,
Қап тауын да көргенбіз,
Самұрықтың өзін де
Аттай ерттеп мінгенбіз.
Биік әрі тереңбіз,
Ақыл толған, кемелміз.
Ұлытауға шыққанда
Ұлар етін жегенбіз.
Қызықтырған Алашты
Тынық Доны – дөң асты.
Еділ-Жайық қашаннан
Сарбаздарға жол ашты.
Ерліктері Еділдің
Мақтанышы елімнің.
Қымтаған ол іргесін
Ұлан-байтақ жерімнің.
Көш бастаса саңлақтар,
Құпиясы сан қатпар,
Сап түзесе тым сұсты
Салт аттылар – солдаттар.
Шіренгенде біз енді,
Табан тіреп үзеңгі,
Жөнелткенбіз тозаққа
Қас дұшпанды ежелгі.
Көз көрмеген жерде алыс
Сұлтан болса Бейбарыс,
Өз күшігін талап жер
Қопадағы жолбарыс.
Венгрдегі мадияр,
Немістегі арийлар
Ұрпақтары емес пе
Қыпшақтардың жанқияр?!
Қоғалы көл қияғы
Қолды неге қияды?
АҚШ-тағы үндістер –
Көшпелілер тұяғы.
Құйқалы жер өрт тиген
Арылғанда дерт күйден,
Шорти киген шабандоз
Ат құйрығын шорт түйген.
Болғанда өзен тайғанақ,
Сырғытпамен сырғанап,
Жел өтінде соққанбыз
Аққаланы қардан ақ.
Қырда қуып құланды,
Ойда болып шыдамды,
Шығарғанбыз ақ құйып,
Үйге кірген жыланды.
Ұлдарымыз тұлымды,
Қыздарымыз бұрымды,
Жұртқа тағылым емес пе
Заманымыз бұрынғы.
Көргеніміз көп біздің,
Қан мен терді төккіздің,
Тәуба, Құдай! Ақыры
Осы күнге жеткіздің.
Басқан ізі ойылған,
Тажал кімнен тайынған?
Жер астының байлығы
Жер бетіне жайылған.
Тақты басып көтенге,
Тізгін беріп бөтенге,
Тайраңдап жүр қазақтың
Мырзалары шет елде.
Сұмдық қанат жайғалы,
Бастан бақтың тайғаны,
Қас қарайса көбейді
Жын-перінің ойнағы.
Жерін беріп бос жатқан,
Асын беріп, дос тапқан
Біздің қазақ өзінің
Асылдарын ұстатқан.
Жақсыларын тілдеген,
Бірін бірі күндеген,
Малынам деп бүлдеге,
Жуас малды жүндеген.
Елге болар кім қорған?
Бас басына би болған
Ығайлар мен сығайлар
Бастық келсе, жым болған.
Дұрыс болмай күтімі,
Қақ жарылып бүтіні,
Тіпті түзу мұржаның
Қисық шыққан түтіні.
Арғымағы жай қалып,
Байтал шауып, бәйгі алып,
Сергелдеңге тап болған
Шыққан жігіт сайланып.
Түлен түртіп, жын қаққан,
Жиналғандар кіл жаттан,
Өтірікті өрлетіп,
Елдің ішін шулатқан.
Кімге пенде бас иет,
Ұмыт болып өсиет,
Марқұм болып кетіпті
Талай абзал қасиет.
Сабыр қылып қазаға,
Қалмау үшін жазаға,
Ең әуелі, қазағым,
Іштің дертін тазала!
Неге тыныш жүрмейсің?
Көп нәрсені білмейсің.
Түгелденбей көресің,
Көрге, бірақ, кірмейсің.
Аман болсын қазағым,
Қайнап тұрсын қазаны,
Түсер жыртық үйге де
Бір Алланың назары.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі