Базардағы ой

Бұл бетте «Базардағы ой» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Онды босқа тұрғызып,
Бірдің қолын жүргізіп,
Алыс-беріс көбейіп,
Бүгін базар тұр қызып.
Қалаш сатып ана тұр,
Сағыз сатып бала отыр,
Жел өтінде дірдектеп,
Қайыр сұрап шал отыр.
Жоғын іздеп сенделген
Ығы-жығы халық көп.
Үміт артып келгенмен
Жатқандар аз қарық боп.
Арыла ма күнәдан
Базар нарқын білмеген,
Көрінбейді көп адам
Үлде менен бүлдеден.
Көре аласың бұл жерден
Ақшаның да түр-түрін,
Күн көрген мен үлгірген
Алдап кетер бір-бірін.
Босқа жүріп зеріккен
Қашқандар көп бейнеттен.
Бозбалаға желіккен
Арақ сатар бойжеткен.
Бұрын мұнда болмаған
Толып кеткен келімсек,
Ыржаңдайды дорбадан
Желінқапсыз келіншек.
Қасапшы да осында,
Қарақшы да осында,
Қасың ба, әлде, досың ба?!
Білу қиын расында.
Онды босқа тұрғызып,
Бірдің қолын жүргізіп,
Мың адамды сабылтьш,
Базар, шіркін, тұр қызып…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері