Қыз қалауы
Бұл бетте «Қыз қалауы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бұл әңгімені жас кезімде ел аузынан естіген едім. Арада жылдар өткен соң оны жыр тіліне түсіруге бел будым.
Қазақ, қалмақ шайқасқанда,
Күш-қуатын байқасқанда,
Қолға түсті ажарлы қыз,
Шығарғандай айды аспанға.
Өлең туып ақындарда,
Талас туды батырларда,
Өзі көркем, өзі ақылды
Ұнаймыз деп асыл жарға.
«Мен алам!» – деп батыр айтты,
Екі көзін бақырайтты
«Қолымды шеш!» – деп өтініп,
Сонда тұтқын датын айтты:
«Өзі көсем, өзі шешен,
Қазақ еді менің шешем.
Қолымды егер босатсаңыз,
Тағдырымды өзім шешем».
Әдемі екен қыз арманы,
Тыңдағандар төзе алмады,
Ақсақалдар алдына кеп
Енді тұтқын сөз арнады:
«Уа, қазақ бабамыз!
Біз де сіздің балаңыз.
Сенбесеңдер, айтайын,
Қазақ еді анамыз.
Қазақ, қалмақ соғысып,
Қанға бөкті даламыз,
Қайтсек тату боламыз?
Қара қалмақ қол жиып,
Қару-жарақ мол жиып,
Қайта келсе қыруға,
Қандай, қазақ, шамаңыз?»
Мұны естіген ел де есті
Еркекпенен тең десті.
Енді даудың шешімін
Өзі айтса де жөн десті.
Қыз да қарап тұрмады,
Қатқан шерін жырлады:
«Егер маған тең келер
Жігіт болса еліңде,
Қылыш болсын белінде,
Сауыт болсын үстінде,
Шоқпар болсын қасында,
Тұлпар болсын астында,
Соған тием мен!»« – деді.
Сонда ақсақал сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Қылыш болса белінде –
Жауға шабар ер болсын,
Сауыт болса үстінде,
Дер кезінде дер болсын.
Ақылдан артық сауыт жоқ,
Ақылды болса қауіп жоқ,
Жүрексіз болса не істейміз?
Бармақты сонда тістейміз».
«Жүректі сабыр сақтайды,
Жүрексіз жауға шаппайды,
Таңдағаным осында,
Жігітті жұрты мақтайды» –
Деп қызымыз шешілді,
Жібек жіптей есілді.
Билер тұрып ақыры
Сөзін айтты кесімді.
Жігіттің де міні жоқ,
Қалтасының дымы жоқ,
Оның бәрін айтуға
Шығып тұрған үні жоқ.
Тағы ақсақал сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Қар тұрмайды тақырға,
Мал тұрмайды батырға,
Батыр күйеу тақырлау
Басар сені тақымға.
Айтқан сөзді жөн десе,
Мал берейік ендеше».
Сонда қызың сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Қатын алмай, мал алдым,
Кімдерден кем жаралдым?» –
Деп жүрмесін жігітім
Ойға батып күні-түн.
Қалауымды берсеңіз,
Тілегім бар ең семіз,
Жерсіз ер ер емес,
Жер болса кем емес,
Ер – елдің баласы,
Жер – ердің панасы,
Ер елге ортақ болса,
Жер ерге ортақ, ағасы!»
Билер бұған келісті,
Тегіс бата берісті.
Естіген ел қуанып,
Тойлап жатты жеңісті.
Қан майданнан оралған
Батыр жер мен жар алған,
Қыз қалауы осылай
Қалың елге таралған.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі