Жабағы батыр
Бұл бетте «Жабағы батыр» атты Ақылбек Шаяхмет жазған ерлік туралы өлең берілген.
Ашылмай қалың қабағы,
Түнеріп жатыр Жабағы.
Жауының салған жарасы
Жанына батып барады.
Батырдың көзі қырағы
Қияны шалып тұрады.
Оқ тиіп қара санынан,
Мертігіп жатыр пырағы.
Келгенмен дұшпан тасынып,
Аптығы қапты басылып.
Атана нәлет қалмақтың
Сүйегі жатыр шашылып.
Жау көрсе қаны қайнаған,
Дұшпанын қойдай айдаған,
Жаралы болған қас батыр
Ажалға белін байлаған.
Қалса да сонда құр кеуде,
Тіл қатты батыр бір демде:
«Қалмақты бұлай қалдырмай,
Көміңдер бәрін бір жерге!»
Жұмармын мен де көзімді,
Болыңдар бұған төзімсді.
Қалмақты көміп болған соң,
Жерлеңдер менің өзімді.
Тірессем талай күштімен,
Бұл-дағы керек іс білем.
Тіріліп кетіп жүрмесін,
Жатайын басып үстінен.
Тоқтаған шығар сағатым,
Жорықта мінер жоқ атым.
Қылышты бірге көміңдер,
Жанымда жатсын болатым.
Таусылар демім осы ара,
Қош, іні-бауыр, қош, аға!
Майданда өлсем, шейітпін,
Ендеше, елім, босама».
Солай деп батыр Жабағы
Алысқа көзін қадады.
Қып-қызыл болып алтын күн
Ұяға батып барады.
Қазаға жұрты жиылды,
Тау болып төбе үйілді.
Сол төбе бүгін бір шетте
Күзетіп жатыр қиырды.
Қайратын ұлдың жанитын,
Ел-жұрты тегіс танитын,
Жабағы батыр зираты,
Төбенің сондай тарихы.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі