Құр қайғыра беруде

Бұл бетте «Құр қайғыра беруде» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құр қайғыра беруде,
Расында,
Не мән бар:
Жаратылған өлуге –
Жерде туған Адамдар!
Жан тауып шын егесін,
Ажал құрық салмас па?!
Пендемісің –
Көнесің,
Кұдай болсаң –
Жөн басқа!
Дүние-боққа тоқсырап,
Аш қалпыма қол салма?!
Жұмылмас көз жоқ, шырақ,
Жүз жыл Патша болсаң да!
Ертелі-кеш тәубеңе
Келуін бір келесің.
Тағдыр салып әуреге,
Көресіңді көресің.
Алған демің –
Шығады,
Жеңілісің –
Жеңісің.
Қуып көрге тығады,
Өрлік керек –
Сол үшін...
Мұң қапасын мекендеп,
Кең жиһанды тарсынып –
Ұлымды алды екен деп,
Жасамайын қарсылық.
Көз жасымды тияйын,
Кетпей тұрып ауышып.
Есімді де жияйын,
Есен күймен қауышып!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері