Таппай тағдыр жөндемін

Бұл бетте «Таппай тағдыр жөндемін» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Таппай тағдыр жөндемін,
Не талқыға көнбедім?!
Бәлкім, содан болар ма –
Жанбай жатып сөнгенім?!–
Мен осындай пендемін!
Көркеуденің – тысымын,
Шерменденің – ішімін.
Әбілеттің – әжуасы,
Әділеттің – күшімін –
Мен осындай кісімін!
Зарын алып заманның –
Қасіретіне таландым.
Жарын алып наданның –
Һарам болған һадалмын –
Мен осындай Адаммын!
Кенін қазып ақылдың –
Аздым. Тоздым. Аһ ұрдым..
Қорасында сезімнің
Қорс-қорс етіп жатырмын –
Мен осындай Ақынмын!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері