Балпанақтай қылып бердің де

Бұл бетте «Балпанақтай қылып бердің де» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Балпанақтай қылып бердің де,
Бейсебеп алдың ұлымды?!
Мәз күйінен безген,
Көрдің бе –
Мүшкіл хәлімді бүгінгі?!
Тірлігім түгел ұсақтап,
Айналдым қамсыз жарлыға –
Құр елесін ойша құшақтап,
Сыймайды қолым алдыма!
Сағындым,
Сарнап,
Сыздадым –
Исініп дерткен емшектей.
Бітпей ме бұйрық – тұз-дәмім,
Көресімді әбден көрсетпей?!
Көтертпейді қайғым еңсемді,
Құдіреті күшті кең Алла-ай –
Таусылмай демім өлшеулі,
Өлейін десем өле алмай!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері