Орнын бастың аға-іні

Бұл бетте «Орнын бастың аға-іні» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Орнын бастың аға-іні,
Әкенің де,
Жер таянып қалып ем қапелімде.
«Азары бар болса да,
Безері жоқ» –
Иен даналық қазақтың мәтелінде –
Екендігін енді ұқтым,
Кешір, Елім,
Өлтірмейтін рухымның иесі ме едің?!
Қан құстырған нәубеттің нөсерінен
Ылғал тартқан кендірдей есілемін.
Тағдыр салды тауқымет-қыспағына,
Бастан бағым, шынымен, ұшқаны ма?!
Тырнағынан қайғының қорғаштаған
Досыма да – ризамын – дұшпаныма.
Бұлт қалдырмай көгімде шөкімдейін,
Күлсең күндей –
Мен қайтіп бекінбейін?!
Қара жер қойнына алған –
Жалғызыммен
Қоса өліп кетпедім деп өкінбейін!
Тіктенейін,
Ағайын,
Тірілейін,
Қапыл соққан таяқтың бірі дейін.
Ұлым өлсе,
Ұлтым бар...
Ұсақтамай,
Көрінейін көзіңе Ірідейін!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері