Орал жарқын күйіңе

Бұл бетте «Орал жарқын күйіңе» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Орал жарқын күйіңе,
Тый жасыңды, бейшара?!
Алдын берген Дүние
Артын берсе – не шара!
Тағдыр тартты төтенін,
Өмір барда – Өлім бар.
Ерлі-зайыпты екеуің
Баяғыдай болыңдар!
Сөнген айдай суынып,
Қаныңа әсте қарайма?!
Табасында қуырып,
Төнген нәубет талайға!
Тәңір ісі тіленген,
Терісін де оң сана!
Ұстын – жалғыз ұлы өлген
Бір сен емес, қаншама?!
Рас, кеміп, кеулендің,
Жан сарайың бүлінді.
Қапасынан кеудеңнің
Шығар жарық күніңді?!
Құйрық-жалың күзеулі,
Іште жараң ушығып –
Құшақтап қу тізеңді,
Отырма қол қусырып?!
Бақыт құшпас баянды,
Қайғы ауырын сезбеген.
Жұмағыңды – саяңды,
Ізде де тап өзгеден!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері