Бұл қай заман дегенде
Бұл бетте «Бұл қай заман дегенде» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Халық Сарынымен)
Бұл қай заман дегенде,
Бағы заман,
Тарпаң мінез,
Тасбауыр,
Тағы заман.
Ту көтеріп
Тұйықтан алып шығар
Көш бастаушың –
Көсемің жоғы жаман.
Табиғаттың
Көзін шел басқан заман,
Адамзат
Мейманасы тасқан заман.
Мүлт кеткен кезіңе
Кентін салар
Қатыбезер қандасың
Қастан жаман.
Өмір жасы
Өксумен өткен заман,
Кісі ақысы
Кісіге кеткен заман.
Адалдықтың қолымен от көсеген
Һарамдықтың ниеті неткен жаман.
Жамандық
Жұрт үрейін алған заман,
Жалқы өліп,
Жалпы ойбайын салған заман.
Қу тізесін құшақтап
Ғайып-бейбақ
Қыршынының артында қалған заман.
Жақсы көрсе
Жалмаған
Жебір заман,
Құтсыз әрі құнарсыз
Кебір заман.
Астамсынып
Аяғын баса алмайды.
Көгендеулі боқтыкөт
Небір жаман.
Қиянат
Кең дүниені
Кезген заман,
Есер жаншып
Естіні езген заман.
Қоғамың,
Түптің түбі,
Іріп-шіріп
Құритынын
Күн бұрын сезген жаман.
Біржола
Бетін әрі
Бұрған заман,
Құдайы
Тас төбеден
Ұрған заман.
Жалған серке
Алдында күші өктемнің,
Жағынып, жорғалайды құрдан жаман...
Дегбірі қашып,
Дауасыз,
Дескен заман,
Көп сөйлеуге көпіріп
Көшкен заман.
Намы түзу нақты ісі
Былай қалған –
Таңертеңі тартыстың
Кештен жаман.
Басы бүтін,
Аяғы түтін заман,
Әрекетсіз,
Қимылсыз
Күтін заман.
Өлген қайта тіріліп,
Жанғаны – өшкен,
Аты бар да
Заты жоқ
Зытын заман.
Семіз өтпей
Базардан қайтқан заман,
Арық-тұрық
Арзасын айтқан заман.
Аяқ бассаң
Мәжіліс,
Мәслихат –
Ызың-қызың,
У да шу –
Айттан жаман.
Өкше Бастың
Бетінен алған заман,
Асыра сілтеу
Адыра қалған заман.
Қайта құрып
Келеміз дүниені –
Жайпауыты
Жаңылсаң
Жардан жаман.
Бір қарасаң –
Түйткілді
Тылсым заман,
Бір қарасаң –
Хақ құдірет
Қымсынбаған.
Тіл мен ділі азғындап,
Діннен безіп,
Тоқыраған
Тоңмойын
Құрсын заман.
Сор-бейнетін
Бауырына басқан заман,
Нары шөкпей,
Аруағы қашқан заман.
Жер-Көкті
Жалмап тынар
Жалмауыздай
Ақыл-ой албастысы
Басқан заман.
Тынысы кеміп,
Тұншығып біткен заман,
Зықы шығып,
Зарығып күткен заман.
Зәр мен зәһәр,
Ішірткі,
У менен Су
Ақталады алдыңда
Сүттен жаман.
Жабысы жүйрігінен
Озған заман,
Ауру-дерті асқынып
Қозған заман.
Шаруасы шайқалған,
Сүлелеген,
Сірнігумен
Сіңірін
Созған заман.
Ақиқаты – ақыры
Таяу заман,
Бұт артатын көліксіз
Жаяу заман.
Тоқырау тұсындағы
Тон-шекпеннің
Айналдырып
Қайта өңін
Бояу заман.
Баяғы әкім
Әлі әкім болған заман,
Епті әңгіртаяғы
Қолдан жаман.
Қалтасы
Алыпсатар
Алпауыттың
Алтын менен ақшаға
Толған заман.
Ішегін тартып
Қаншырдай қатқан заман,
Белшесінен қарызға
Батқан заман.
Дүние аударылып-төңкеріліп,
Жарылып...
Жазым құшып
Жатқан заман.
Ішкені – ірің,
Жегені – желім заман,
Туған ене-топырақтан
Жерін заман.
Айыра алмай дал болған
Дағдар заман –
Ненің жақсы екенін,
Ненің жаман.
Үлкенінің жағасын
Жыртқан заман,
Кішісіне беделін
Құртқан заман.
Өртте қалған өгіздей
Көткеншектеп,
Ала қойды бөлектеп
Қырыққан заман.
Тәңірінің сыйындай
Тарту заман,
Өз күнәңді өзгеге
Арту заман.
Кір жасырмай көңілге
Айтып-айтып,
Ажар-көркін мүк басқан
Марту заман.
Айта берсе таусылмас
Түпсіз заман,
Сапа да жоқ,
Сан да жоқ,
Жүксіз заман.
Табанының тұлдырсыз
Бүрі кеткен –
Тар жол
Тайғақ кешулі
Дітсіз заман.
Келелі кеңес жылдап
Құрған заман,
Амалсыз заңға мойын
Бұрған заман.
Не істеу керектігін
Білмей дал боп,
Иесін жоқтап жылап
Тұрған заман...
...Шындық жалған жүзіне
Түкір заман,
Арқа-басы құрысқан
Бүкір заман...
Жұрт не десе
О десін,
Ақын үшін,
Құдай ақы,
Оллаһи,
Шүкір заман!..
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі