Сенсіз өмір сүргенім

Бұл бетте «Сенсіз өмір сүргенім» атты Иран-Ғайып жазған өмір туралы өлең берілген.

Сенсіз өмір сүргенім,
Рас, ұлым, пенделік:
Езу тартып күлгенім,
Дос қалжыңын ем көріп.
Қара жерді басқаным,
Қу тірлікті қия алмай –
Жар төсегін ашқаным,
Жоқтығыңнан ұялмай.
Түн қойнынан сау шығып,
Күннің көзін көргенім –
Түгесілмей таусылып,
Тірідейін өлгенім.
Жел жұтқандай жуантып,
Кәрі жындай қозғаным –
Қайғы әлдиі уантып,
Жетпеске қол созғаным.
Қарағаным сұлудың
Сымбатына сұқтанып –
Суығы ұрған жылудың
Көлеңкесін ықтанып...
...Өксік қапқан өр кеуде,
Таусылып жан азығы –
Шерткен күйін шерменде
Бар ма әкеңнің жазығы?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері