Қан бұзылып

Бұл бетте «Қан бұзылып» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қан бұзылып,
Жүрек сыздап,
Жан ауырып,
Жолдас болдым
Жарты ғасыр қайғымен...
Жазым ұлдың
Жер басқанын жалау ғып,
Сабыр тұтып,
Санатыма сай күлем.
Көр күледі...
Жер де,
Көк те күледі,
Бек мәз-мәйрам –
О т,
С у,
Ауа –
Жел күлген.
Дүниенің Жарығы мен Түнегі –
Екі адам боп
Еңіреумен келдім Мен!
Мен де – күлем...
Күн тұтылса – жыламан!
Жылар болсам –
Көңіл семсін,
Көз ағып!
Арсыз күліп –
Арыламын күнәдан,
Бүтін шығам –
Бар дертімнен тазарып!
Зорлап ішкен
Сорлы Ақынның Анты бар:
Ай бөлінсін,
Бөлінбеймін Екіге!
Азар болса –
Бергеніңді қайтып ал,
Тағдыр,
Маған –
Бұдан былай жекіме!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері