Тәңір-Тағдыр

Бұл бетте «Тәңір-Тағдыр» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тәңір-Тағдыр,
Екі етілмей жарлығың,
Алып біттің асылының барлығын:
Ішке бүгіп –
Кеткен жоғын түгендеп,
Саусағымен санап отыр әрбірін.
Баз кештіріп,
Бейшара етіп келесің,
Мұз құрсады ақынның от-денесін.
Тірі аруақ кейіпіне енді керіктің,
Аңсарына соза-соза өңешін.
Текті түгі қалмағандай өзінің,
Кеміп қадір-қасиеті сөзінің –
Жыры қашты жүрегінің, жанының,
Нұры қашты көңілінің, көзінің.
Түрін алдың,
Түсін алдың ...
Тісін де –
Өктемдік жоқ,
Өткірлік жоқ ісінде.
Бойы менен ойының бар қуатын
Қуып тықтың бүк түскен пәс пішінге.
Қас-қауметі,
Сақал-мұрты ағарды,
Тән желігі –
Жын ойнағын доғарды –
Иітетін алпыс екі тамырын
Құдіретті күй-сезімі жоғалды...
...Бергі беттен безетіндей сайланып,
Арғы беттен ауатындай айдалып –
Шыдай-шыдай шер боп қатты шемені,
Іңкәр Дүние ыңыршағы айналып!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері