Украина түні – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Украина түні» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3187
Хакімжан!
Ақынжан!
Есте ме Украина түндері,
Бір кезде Гоголь жырлаған?
Есте ме Украина гүлдері,
Гоголь өз бояуымен сырлаған?
Гоголь Украина түнін жазу үшін,
Сөйлескен сәуленің мың үнімен,
Қарлығаш қанатының дірілімен,
Днепр толқынының гүрілімен.
Керемет Украина түні,
Қиял құшағы жете алмайтын,
Ғажайып Днепр түні
Құстар арғы бетіне өте алмайтын.
Ғажайып Днепр ағысы
Ағатын дос әні боп,
Бұл Гогольдің табысы —
Менің оған қосарым жоқ.
Хакімжан!
Ақынжан!
Сен елеңдейсің әлденеге,
Қарайсың терезеден
Жылт еткен сәулелерге.
Түн мені сиқырлады,
Сұрама басқа менен.
Арудай ұйқыдағы
Украина түні
Төнеді тас төбеден!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері