Құдағиға тілек

Бұл бетте «Құдағиға тілек» атты Гүлмекен Қасенбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құдағиға тілек

Құдағи жан екенсіз жүзі жылы,
Тапсырдым өзіңізге қызымызды.
Өсірген ұлыңыздан көрінеді,
Ананың тәрбиесі білімді, ізгі.

Құдағи енді екеуміз бір команда,
Жол бермейік жастарға ұрсысуға.
Сіз екеуміз ең адал құрбы болсақ,
Тату-тәтті жүреді балалар да!

Ұнамсыз жағдай болса тура айтарсыз,
Ақ-қарасын анықтап, мың байқарсыз.
Араға Әзәзілді түсірмеуге -
Екеуміз екі жақтан күш қосармыз!

Мен сөзін сөйлемейін өз қызымның,
Сіз сөзін сөйлемеңіз ұлыңыздың.
Әрқашан әділдікпен шешер болсақ,
Ғұмыры ұзақ болар бұл некенің!

Құда да мінезі ауыр байсалды екен,
Қос құда тату болса - неке бекем.
Ауыр серт - неке қию, жұбай болу,
Танбасын ұл-қызымыз адал серттен!

Өмірге ұрпақ келсін "елім" - дейтін,
Несібесін тек адалдан теріп жейтін.
Құдалық мың жылдыққа жалғассын да,
Татулықтың ақ туы желбіресін!

Гүлмекен Қасенбайқызы
28.07.2025


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер