Сүт қалай ұйықтайды?

Бұл бетте «Сүт қалай ұйықтайды?» атты Оспанхан Әубәкіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сүт бір күні ұйықтапты.
Қатты ұйықтапты.
Ұйықтағаны соншалық,
Ұйып қапты.
"Ойбай, сүт ұйықтап қапты,
Ұйықтап қапты!
Қарап отырып,
Айран бопты",-
Деп ел-жұрт қайран қапты.
Сүт ұйқысын қоя алмапты,
Аттандап жатса да оянбапты.
"Ұйқы - дұшпан" деген ғой,
Сүт бір күні іріп қапты.
Сүттің мұндай қылығын
Әжем ғана біліп қапты.
Не дерін білмей тұрып қапты.
"Бұл сүтке ұйқы ұя салыпты",-
Депті де әжем айранды
Бір дорбаға құя салыпты.
Сүт сонда ғана оянып,
Еңіреп тұрып жылапты,
Көзінің жасын бұлапты.
..Бәлкім, жұрттың өсегі,
Әңгіме ғой кешегі.
"Дорбадан аққан сары су -
Сүттің көз жасы" деседі.
"Мұның өтірік" десең де,
Ертегіге сыяды-ау.
Әй, дегенмен, балалар,
Көп ұйықтаған зиян-ау.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері