Қайғыма қайғы қосылса

Бұл бетте «Қайғыма қайғы қосылса» атты Иран-Ғайып жазған мұң туралы өлең берілген.

Қайғыма қайғы қосылса,
Түбіме әлі-ақ жетесің.
Тағдырым, мені осынша
Таяқтай беріп не етесің?!
Мансапқорлық жоқ-ты тегімде,
Атақ та, Даңқ та сұраман.
Дариға – Құсым көгімде
Жүрсінші шарлап дін аман!
Жуынып көздің жасына
Енсінші жастық шырайы.
Бар бәлеңді үйіп басына
Бұқтырма бекер ұдайы?!
Ойраныңды сал да ордама,
Ақын жүрегінің жайын ұқ:
Қанатын қырқып – қорлама –
Бас бостандығынан айырып!
Төзімін теліп темірге,
Көрер қызығын ұрлама!
Өгейлік етпес өмірге
Егіліп күлген бір бала...
Май ішкендей боп мазасы,
Тасынған көңілі басылар –
Аһ ұрған жанның азасы
Түн ұйқысын талай қашырар!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері