Жол басы
Бұл бетте «Жол басы» атты Әли Ысқабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Үстелді жүр жағалап,
Буындарың қатайсын.
Көмек күтпе сағалап,
Өзің де нық аттайсың.
Қолыңды соз, жарай ма,
Мәне, былай, мен құсап,
Құлап кетпе, абайла,
Денеңді тұр тең ұстап.
Қаз-қаз, бөпем, бір екі, үш,
Алға атта, құлама.
Өстіп үйрен, беки түс,
Жығылсаң да жылама.
Келгеніңше жетіге
Жерден жейсің таяқты,
Кеттің, міне, екіге,
Көтеріп бас аяқты.
Міне, аттадың, алғашқы,
Құтты болсын қадамың!
Тағы, тағы жалғастыр,
Таудай болсын талабың!
Жүре аласың бассаң жай,
Сүйейді деп сенбегін,
Үш аттадың жасқанбай,
Міне, бұл өз еңбегің.
Осы адымың жалғасып,
Жүгіре де аласың.
Туған жерді маң басып,
Аралайсың даласын.
Табаныңнан өтеді,
Басқан жердің жылуы.
Жүрегіңе жетеді,
Нұрлы күннің қызуы.
Қаз-қаз, бөпем, жүре ғой,
Адымға адым жалғашы.
Тәй-тәй басып күле ғой,
Құтты болсын жол басы!
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі