Өлең, жыр, ақындар

Бояулар

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 5085
Ақ сәулелер сөйлейді үнсіз,
Ақ аспанның тілі болып.
Көк сәулелер сөйлейді үнсіз,
Көк теңіздің жыры болып.
Ақ бояулар,
Көк бояулар —
Тұрмын қарап сәулелердің ағынына.
Сол сәулелер жанады оттай,
Ұқсап таңның жарығына.
Таң атарда:
Көкшіл бояу;
Ақшыл бояу сөйлейді үнсіз бір табысып,
Сөйлейді үнсіз сыр алысып.
Күн бір аққу,
Аспан жүзер айдынында,
Алуан сәуле болмаса егер,
Адам батар қайғы-мұңға.
* * *
Сенің бағаң жырда әлі жеткен жоқ,
Соны армандап ақындардан өткен көп.
Шіркін, ана, табиғаттың өзіндей
Жылдар сайын жасарасың көктем боп.
От ішінде талай рет өлдің сен,
Оқ ішіиде талай рет өлдің сен.
Бар әлемде өлмейтұғын бір жан бар,
Ол өзіңсің, қайран ана, мен білсем.
Жылағың кеп тұрса-дағы жыламай,
Құлағың кеп тұрса-дағы құламай,
Жердің, көктің сөнбейтұғын күні боп
Қос жанарың жарқырайды-ау шырадай.
Жаралғансың темірдей сен төзімнен,
Жаралғансың гүлдей нәзік-сезімнен,
Бұл дүниеде егер құдай бар болса,
Сол құдай да туған шығар өзіңнен
* * *
Жердің шары дән сияқты
Айдың сүтін ішкен,
Күннің отына піскен,
Жердің шары қақ айрылған жар секілді
Ортасынан найзағай түскен.
Содан екі белдеу болып,
Ойнайтындай жалтылдап алуан түспен.
Жердің шары жаралған
Теңізден,
Таулар тұғырынан,
Алуан спектр күн нұрынан.
Жердің шары
Әрі жас, әрі кәр атанған.
Жердің шарын түсірмейміз
Жердей жалпақ алақаннан.
* * *
Адам қараңғы түнге айналар еді,
Егер қара көздері — қара күндері болмаса.
Жер беті сұп-сұр күлге айналар еді,
Егерде төсінде бала гүлдері болмаса.
* * *
Қалдым туған қоныстан кетіп,
Салды тағдыр неше түрлі күйге әкемді.
Мені қараңғы эшелон соғысқа әкетіп,
Мені жарық эшелон үйге әкелді.
Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым кеп болғансын.
Келгенімде егіліп шыдамадым,
Соның көбі жоқ болғансын.
* * *
Қиялданып тұр аспан,
Ақ бұлттары — қағазы,
Түспейді ойға бір дастан,
Келмейді жыр-ғазалы,
Соны іздеп тынбастан —
Қиялданып тұр аспан.
* * *
Көк жапырақтардың қара көлеңкесіне
Сәулелер сығалайды шат күлген.
Ол күшннің қанжарындай
Қараңғыны қақ тілген.
Жер көл секілді,
Жел толқын секілді,
Тұңғиықты сапырған.
Орман көгілдір аспан секілді,
Ал алмалар қызыл доп секілді
Сол орманнан атылған.
* * *
Өлеңменен сүйдік біз балаларды,
Өлеңменен ұзатып ана қалды,
Өлеңменен аттанып шабуылға,
Өлеңменен алдық біз қалаларды.
Өлеңменен өртеніп түтіндедік,
Өлеңсіз біз еш нәрсе бітірмедік.
Өлеңменен от кешіп оқтан өтіп,
Өлеңменен дақ түспей бүтін келдік.
Өлең — өмір мәңгі жас көнермеген,
Өлеңменен өмірге ел өрлеген.
Далаларда өлеңмен от тұтанып,
Қалаларда шам жанған өлеңменен.
* * *
Ашуым менің түн секілді
Айы менен жұлдызы жоқ,
Сәулелердің бір ізі жоқ,
Ашуым менің түн секілді.
Күлуім менің күн секілді
Шұғылалары шашыраған,
Атылып жатқан ақ кебіктер.
Жаймашуақ жасыл алаң,
Күлуім менің күн секілді.
Кейде шат боп сүйінемін,
Тыныштықтың тынысындай.
Кейде ыза боп күйінемін,
Қара үңгірдің көз жетпейтін қуысындай.
Жұрттың бәрін жолдассынып,
Не де болса көзге айтамын.
Алқылымдықолбасшы ғып,
Ашуымнан тез қайтамын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қызыл тулы май

  • 0
  • 0

Жаңбыр жауып өткен жаңа үстінен,
Жер керілген секілді бір тұс кілем.
Көк сауыты дал-дұл болып қашты қыс,
Айқасты да Көктем деген күштімен.

Толық

Синявино шоқысы

  • 0
  • 0

Дүрілдеген күні-түн
Ормандардың от іші.
Болдың сонда үмітім,
Синявино шоқысы.

Толық

Қыран ұясы

  • 0
  • 0

Тұнған бұлт жылғалардың жырасына
Тастардың иығында тұр асыла.
Құздардан қиқулаған тас бұлақтар,
Оралған жолаушыдай жыр асыра.

Толық

Қарап көріңіз