Иманым

Бұл бетте «Иманым» атты Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 14.04.2015
  • 2
  • 1
  • 13258
Алтындай қызыл арақтың,
Асылын әкел, аяқшы-ай.
Анық сырын әлемнiң,
Аша алмаймын мас болмай.

Тынымы жоқ айланған,
Сөтке, жұма, жыл мен ай.
Өлшеуге басы байланған,
Айланып жүр адаспай.

Күннiң бетi жылынып,
Апрель өтiп, туды май.
Сүт сорғалап, төл туып,
Ойнақтады құлын, тай.

Жасыл маңлық киiндi,
Кебiнiн тастап тау мен сай.
Өлген жер де тiрiлдi,
Күлiмсiреп гүл жайнай.

Айна мөлдiр асау су,
Ағындап жердi жорғалай.
Бейiске кiрiп салды ду,
Жан-жануар көңiлi жай.

Қызыл гүл арбап бұлбұлды,
Қоя ма көзiн байламай.
Сиқырға басы iлiндi,
Шыдасын қайтiп сайрамай.

Жан қиысқан асықтар,
Жарын iздеп зарламай.
Өзге ойында несi бар,
Бiрiн-бiрi арбамай.

Өзгермейтiн нәрсе жоқ,
Айланған соң арбадай.
Жыл дегенi минут боп,
Өткенiн қалдым барламай.

Жаз ауысып, күз болды,
Әлемдi басты басқа түр.
Шөп қуарып, гүл солды,
Мұңайып, кейiп бұлбұл жүр.

Жан-жануар жабығып,
Жердiң жүзi өңсiз сұр.
Қабағы түсiп қамығып,
Бәрi өлiмдi күтiп тұр.

Мейлi жәндiк, мейлi шөп,
Тiршiлiктiң бәрi бiр.
Өмiр үш-ақ буын боп:
Қуан, суал, көрге кiр!

Мисыз құлақ тыңдаса,
Мылжыңдаған бұл бiр жыр.
Ақылға салып шындаса,
Ашылды, мiнi, анық сыр.

Әлемнiң сыры ашылса,
Асқақтамай мойын бұр.
Аптыққан жүрек басылса,
Араққа мас бол, жатпа құр.

Күндегi таныс күн мен түн,
Жалықтым мұнан, кетемiн.
Қайта-қайта бiр ойын,
Ұялмай ойнап нетемiн.

Өзгермейтiн өлмейтiн,
Өмiрдi талап етемiн.
Қайталап ойын көрмейтiн,
Қызыққа түпсiз жетемiн.

Терiс десең дәлел сал,
Түзу көрсең ұғып ал.
Кетпей тұрып сұрап қал,
Мен өлiкке тетемiн.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Иманым өлеңінің авторы кім?

Шәкәрім Құдайбердіұлы — осы өлеңнің авторы.

Иманым өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Иманым өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Шәкәрім Құдайбердіұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Иманым өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері