Демнің екі түрі бар мен білетін
Бұл бетте «Демнің екі түрі бар мен білетін» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Демнің екі түрі бар мен білетін:
Алар Демің – санатқа ендіретін.
Шығар Дем – шыбыныңды шырқыратып,
Шындықтың шырағданын сөндіретін.
Бір Дәм әрі болғанда, бір Дем – бері,
Дем арасы – жан-тәнің гүлденгені.
Екі Дем – Жәбірейіл мен Әзірейілің,
Адам Адам атанған күннен бері.
Екі Дем:
Бірі – ілгері,
Бірі – кейін,
Алдымен Алар Демге жүгінейін.
Шығар Дем төңкерердей таусылған сәт
Құлшынып құм сағаттай үгілейін.
Екі Дем:
Екі Дүние – Өмір – Өлім...
Бірін – жеңіп,
Бірінен – жеңілемін.
Екі оттың ортасында ауа қармап,
Жеңсем де, жеңілсем де еңіредім.
Еңіредім!..
Жетеді!
Еңіремен!–
Екі Демге иемін,
Тегін емен!
Екі Дүние қызығын бірдей көріп,
Мұздай боп Мәңгіліктің төріне енем!
Өмір – Тозақ дей алман, Өлім – Жұмақ,
Тозақ шыр-пыр, Жұмақтың денін құрап.
Тозағымды Жұмаққа қимай,
Жүдеп
Жүргенімді кім білсін менің, бірақ...
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі