Жүрегімді тырнап жатыр біреулер

Бұл бетте «Жүрегімді тырнап жатыр біреулер» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жүрегімді тырнап жатыр біреулер,
Көкірегімді қырнап жатыр біреулер.
Бауырымды, бүйрегімді суырып,
Ұрлап жатыр, жырғап жатыр біреулер.
Алақанға қарап енді бал ашпан,
Алтын тұяқ қалды ма деп алаштан?
Ақ ниетім қызыл қанға боялып,
Бүгін міне, зеңгір көкпен таласқан.
Кеңдігінен қорлық көрген пейілім,
Ғажайыптан күтемісің мейірім?
Екі аяқты бір етікке тықса да,
Сол кеңдікті сақтап қалшы, ей, ұлым!
Ақ бесігін тастаса да қырқысқа,
Атымтай боп көрінуге жұрт ұста.
Бабалардың қаны сіңген байрақ-жер,
Айналып бір кетпесе екен жыртысқа?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері