Бұзылған уақыт

Бұл бетте «Бұзылған уақыт» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сүйіктіммен кездесуге кешіктім,
өкпесін де,
өзгесін де есіттім,
«Сағат бұзық, бұзық сағат...» — дей бердім,
тұтқасынан қолымды алмай есіктің.
Жетіп келсем алқын-жұлқын жұмысқа,
Бастық сөкті:
«Кешіккенің дұрыс па?»
«Сағат бұзық, бұзық сағат!...» — дей бердім,
сағатыма ұрыссыншы деп ұрысса.
Құрлықтар мен құрлықтардың арасын
Жалғаған жол,
Қайда заулап барасың?
Жыланның да тілін тапқан заманда,
Тек уақытпен таба алмадық жарасым...
Уақытқа да бас иместей
Шіренген,
Кейпімде бір ғажап ғұмыр сүрер ме ем?! —
Сағатыма қарамаймын,
өйткені
Жүрегімнің уақытымен жүрем мен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері