Мәжнүн

Бұл бетте «Мәжнүн» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Ғашық боп қалма, Ақын» деп,
Айтқандар маған ақыл көп,
Ауысар еді есінен
Көрсе егср сені жақын кеп.
Оларға сонда таң ба әлі,
Жанымның күйіп-жанғаны?
Өзіңнен өзге жұлдызға
Аспанымда орын қалмады.
Жылатып тұрып, күлгіздің,
Шалықпен өмір сүргіздің.
Бәрінің атын ұмыттым
Өзіңнен өзге жұлдыздың.
«Махаббат деген — соқпа дерт,
Айтпашы, есің жоқ па» деп.
Мәңгірген мендей Мәжнүнге
Тек өзің ашар сот керек!
Ай кезбе десең көктегі
Аспанға жерлеп кет мені.
Ақындар ғашық болмаса —
Ақырзаманның жеткені.
Жо-жо-жоқ!
Маған жолама,
Ақынға жолап бола ма?
Есі бар жұлдыз
Ессіздің
Қолына келіп қона ма?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері