Ақшам. Шөкім бұлт

Бұл бетте «Ақшам. Шөкім бұлт» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жондағы жолда
бір шаң бар,
жатқандай мая түтіндеп.
Мал қарап дөңде
тұр шалдар,
насыбай атып, шүкірлеп.
Топ бала жайдақ жарысып,
тұяқтар өтті шаң түткен,
қарадан қарап,
қаны ысып,
қауқылдап қалды шал біткен.
Күн батты —
Қызғылт айшықты
Уақыттың дөңгелегіндей,
Бір тілім болып ай шықты
Аспанның әңгелегіндей.
Шудасы бұлттың қан-қызыл,
қызарып қомы
желгендей,
хабарсыз кеткен жалғыз ұл
қаңғырып қайта келгендей.
Ақшам.
Ай.
Ақ шаң.
Қанды бұлт...
арқамнан біреу қаққандай...
миымда менің мәңгілік,
ат шауып бара жатқандай.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері