Бұлбұлсыз өлке

Бұл бетте «Бұлбұлсыз өлке» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Америкада бұлбұл жоқ дейді!
Бұлбұл-жыр...
Жер таңдайды екен,
Ел таңдайды екен бұл құрғыр!..
Бұлбұлсыз ел де болады екен деп аядым,
Бұлбұлға толы Зайсанымды ойлап тұрдым бір.
Байласаң бұлбұл тұрмайтын өлке!
Қиын, ә!
Қалайша? Неге?
Қонбай-ақ қойды миыма.
Барлығын берсе,
Біреуін іркіп қалатын —
Құдайдың бұл да бұлдап бір тартар сыйы ма?
Айдыны асқан,
Байлығы тасқан менмен ел,
Билігіне де,
Бишігіне де сенген ел.
Төрт құбыласы сай,
Жағасы жайлау болса да,
Бір бұлбұл жетпей тұр екен, шіркін, сән берер...
Үлгілі ел деп,
Үйірсек тартсам — жоқ тұрыс,
Үн қосар үрікпей
Үндістен де өзге көп туыс.
Құпияңды ашшы,
Бұл әлем әлі жат маған,
Сескендің неден,
О, бұлбүл, бұлбұл — текті құс!?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері