Балтық кеші – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Балтық кеші» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2106
Айбарлы ашу жатқан кескінінде,
Күркіреп отын шашқан кешкі күнде,
Көзінен көбік атқан жер тепкілеп
Күңіренген теңіз үнін естідің бе?
Жартастар қалтырайды дәті қалмай,
Быт-шыт боп жаңқаланып атылардай.
Аунайды асау теңіз аласұрып,
Аспанды айдынына батыра алмай.
Иықтан кештің отты бұлты басып,
Дүние деңбекшиді сұрқы қашып.
Күңіренген теңіз үнін естідің бе,
Аспанмен жатқан жалғыз жұлқыласып?
Жағада жер мен көкті жатсаң бағып,
Айнала үрей отын шашқан қауіп.
Көк аспан кететіндей теңізді алып,
Көк теңіз қалатындай аспанды алп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері