Қылтыңдаған қыз едiң қылдырықтай
Бұл бетте «Қылтыңдаған қыз едiң қылдырықтай» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қылтыңдаған қыз едiң қылдырықтай,
Бұл-бұл ұштың көзiмнен бұлдырықтай.
Томағасыз басыма тұман түстi,
Ендi сенен көктегi күн жуықтай.
Бiр желiде бiрге өскен құлыншағым,
Қайда кеттiң желбiреп тұлымшағың?
Қимас қалқа, қайдасың, сүйген сәуле,
Қатар жортқан қыраттар бүгiн сағым.
Сен дегенде тiлегiм сөзге айналды,
Сен дегенде жүрегiм көзге айналды.
Өтерi мен өтпесiн бiлмей уақыт,
Жылағанын, күлгенiн сезбей қалды.
Дидарыңды көрсем деп кәусар шашқан
Қанатымнан әл кетiп, қауқар қашқан.
Мұздан ба едi, жүрегiң тастан ба едi,
Жаралған-ау, тас болса гауһартастан.
Миуа бағым мизамда мәуе бермей,
Қанатымнан қайырылдым әуе көрмей.
Құс жолынан құлдадым жұлдыз санап,
Сәуле iздеген жаурыннан сәуегейдей.
Жылдар өтiп барады жол қараған,
Қайта-қайта көктейдi тал-қараған.
Секер салған серкенiң тұлыбындай,
Жыртығымнан сағыныш сорғалаған.
Қылтыңдаған қыз едiң қылдырықтай,
Бұл-бұл ұштың көзiмнен бұлдырықтай.
Бұл-бұл ұштың көзiмнен бұлдырықтай,
Кiлтi аспанға iлiнген бiр құлыптай...
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Азамат Төре
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі