Жүрегiм-ау, сен кеудеме сыймадың

Бұл бетте «Жүрегiм-ау, сен кеудеме сыймадың» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жүрегiм-ау, сен кеудеме сыймадың,
Мен бөлмеме сыймадым.
Беу, тентегiм, неге бұлай туладың,
Бұлқынысың бүгiн маған беймәлiм.
Бүгiн менiң отырғым жоқ бөлмемде,
Асау көңiл әлденеге шөлдеуде.
Аула жаққа жанар нұрым тартады
Бiр сәйгүлiк тұрғандайын белдеуде.
Лақтыра сап қағаз бенен қаламды,
Мұңнан безiп тұмандатқан санамды.
Сырып тастап үстелді де жолымнан,
Сырып тастап қабырғаны – қамалды,
Тартып кетсем деймiн мен
Қара жерге қадай басып қадамды.
Тар құндаққа қалай қиып кеткенмiн
Кең құшағын ашып жатқан даламды?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері