Ауылға хат

Бұл бетте «Ауылға хат» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сейiлхан Райымхановқа

Ауылда биыл қар қалың ба, аға,
Тағаладың ба тарланыңды, аға?
Тазымен құмның қолтығын тiнтiп
Шидарық жақты шарладың ба, аға?
Жеңгейге сенiп мал-жаныңды, аға,
Қансонарда аңға бармадың ба, аға?
Адам мен аңның арасын тағы
Қорғасын оқпен жалғадың ба, аға?
Ауылдың жинап шалдарын ғана,
Бiр-бiрден түлкi байладың ба, аға?
Түлкiден тымақ киетiн қарттар
Азайып қалғанын ойладың ба, аға?
«Ауылдан кетсең – болмадың, бала...» –
деушi едiң, жолым оңғарылды, аға.
Көрерсiң ертең маңдайға бiткен
Үлкен бiр ақын болғанымды, аға.
Бiлер ме ем барып халдеріңді, аға,
Алар ма ем, шiркiн, қолдарыңды, аға.
Қалада – тәнiм, ауылда – жаным,
Жүрегiм, жырым, арманым – дала.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері