Қыркүйек қары

Бұл бетте «Қыркүйек қары» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Беймезгiл тұмшаланып таулар тұман
Аспанда ақкөбелек қар қалқыған.
Ызғырық ыдыратып сол тұманды
Сабалап жапалақ қар жауды артынан.
Бөктерде бой түзеген боз теректiң
Суық жел сумаңдады алды-артынан.
Жұп-жұқа қабығына қар жабысқан
Жас терек жел жұлқыса сәл майысқан.
Бұрымнан сауылдаған шолпыдайын
Жап-жасыл жапырағы саулап ұшқан.
Терекке қарап тұрмын арыла алмай
Бойдағы алай-дүлей толғаныстан.
Сумақай суық желдi көзге iлмеген,
Терекке ұқсас екем, сездiң бе, мен?!
Алаңсыз көңiлiме күйе жағып
Менiң де алды-артымнан сөз гулеген.
...Қараймын терiм сүрткен шаршы шытқа
Ақ дүние кiршең ғой – тез кiрлеген...
Тәйiрi, тазартармын күнi ертең-ақ
Толқынды дарияға мезгiл деген.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері