Найзағайды күту

Бұл бетте «Найзағайды күту» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қалыпты бiр шақ есiмде:
Қоңалы көлдiң қауында,
Көктемнiң күңгiрт кешiнде
Қорғалап тұрдым жауында.
Бейнесi түсiп қырлардың
Қарауытқанда көл бетi.
Қаймыға қарап тұрғанмын
Кеудемдi бiр мұң тербетiп.
Төбеме сонда түндiк боп
Қара бұлт төндi айды орай.
Ойран сап отсыз тiрлiкке
Ойнаса дедiм найзағай!
Қалыпты сол сәт жадымда
Берiппiн мұңға бекер бой.
Қайғыра бiлмес шағыңда
Мұның да мәнсiз екен ғой!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері