Бабалар Аманаты

Бұл бетте «Бабалар Аманаты» атты bakytkali_daulet_2 жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кеңге жайып ұшқан кезде қанатым,
Жанарымда жалын оты жанатын.
Іздемей қазынаны жер астынан,
Ұлы болам ана тілден табатын.

Бағалаймын құндылығын тілімнің,
Тілі рухты туындаған жырымның.
Қайнар судай тіліміздің бұлағы,
Бастауы боп келешек пен бүгіннің.

Құлдық сана кеудені жаншып, таптап,
Тілсіз халық қалайша опа таппақ.
Тілмен бірге жоғаларын ұлттың да,
Біле тұра жасаған жандайшаптар.

Биліктегі ділі мүлде басқа жан,
Жанашырдың тілін буып тастаған.
Жетектесе ере берген жүндеуге,
Жуас түйе болғанбыз ба, масқара?

Тілімізді ұмытуға жетіппіз,
Өзге тілдің жетегінде кетіппіз.
Дүдәмалдау,шұбар ала тілменен,
Әупірімдеп өткелектен өтіппіз.
Ал, аталар бар ма бізге өкпеңіз,

Тіл білмесе балаңызды сөкпеңіз.
Кінәліні іздесеңіз айтайын,
Мұның бәрі сіздер жүріп өткен із.

Тіл жұмысын дәл бүгіннен бастайық,
Алқаға бұл өрелі ойды тастайық.
Бас кессек те, тіл кеспеген халықпыз,
Өткен жоқ па талай тұлға қасқайып.

Ана тілім халқымыздың зар мұңы,
Тілді сақтау біле білсең ар жүгі.
Бекітілген бұл да бізге бір парыз,
Үзілмесін тіліміздің ақ жібі.

Тіліміздің арнасына бет бұрып,
Жазып едім өзегімнен жыр қылып.
Туған ел мен тілімізді құрметтеп,
Дәріптеймін ол мен үшін- құндылық.

Бір ауыз сөз айтарым бар сіздерге,
Амал қылсақ тіл тамырын үзбеуге.
Сақтау ләзім бабалардың тілін бұл,
Қалдырғасын аманаттап біздерге.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер