Аялап кеудедегі егіз арды
Бұл бетте «Аялап кеудедегі егіз арды» атты Пәридә Манапқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Не жетсін, қайран жастық, наз еткенге,
Бір әнді шырқап кетті-ау ғажап кеуде.
Неге ғана жолықтым, асыл құрбым,
Аққулы айдынымнан жаз өткенде.
Сен мені қызғандың да көп тобырдан,
Сезіміңді сыйлайсың шоқ тағынған.
Өртеніп жанып кетпей тұрдым әйтеу,
Жасырып жүрегімді от қарыған.
Қандай майда лебізің аңқылдаған,
Қыраны едің шың-құздың саңқылдаған.
«Екі жирен» әніңнен көз алдымда,
Дөңгеленіп кетті ғой алтын ғалам.
Сен мені сыйладың да аяладың,
Кеп тұрды сонда саған саялағым.
Өртеніп өлсем еді құшағыңда,
Жаныма қатты батты аяғаның.
Сен мені ұзақтан-ақ білетіндей,
Қалайша көп жырларым жүр есіңде-ей.
Төбем көкке жетпей тұр бір-ақ елі,
Өткізіп жатқандайсың жыр кешімді-ей.
Сыйладың каусар бұлақ сезіміңді,
Жазбас-ақ енді тәңір кезігуді.
Қоштастың неге менімен телефонда,
Тауларға қайрап келмей төзіміңді.
Қуаныш та, бақыт та егіз қайғы,
Қол созғанмен кім алар аспанда айды.
Созбай-ақ қолымызды кете бердік,
Аялап кеудедегі егіз арды.
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі