Өлең, жыр, ақындар

Сырлы қайың

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2972
(Баллада)
I
Тұрмын мен Синявино адырында,
Талайдың тамған бір көз қаны мұнда.
Дауылдан соңғы аспандай тұнып қалған,
Жатыр дос тас боп қатып қабірінде.
Қабірді айнала мүк басып жатыр,
Сыңсиды жалғыз қайың басында тұл.
Қай жыл туып,
қай жылы өлгендегі,
Жазылып зілдей құлыптасында тұр.
Еңсемді көтертпейді ауыр мұңы,
Мен үшін аян осы қабір сыры.
Көзіме елес беріп қанды майдан
Алыстан естілгендей дауыл шуы.
Келеді көз алдыма қара түндер,
Жаза алмай өкситұғын қанатын жел.
Жарасын ауырсынған солдаттардай,
Ыңырсып әзер демін алатын жер.
Майданның қиын- асу белестері,
Қайтадан көз алдыма елестеді.
Секілді қара теңіз қалың орман,
Сапырып суылдайды жел ескегі.
Ауысып ә дегенше шұғыл бәрі,
Сан сурет өтті алдан құбылмалы.
Қабірдің басындағы жалғыз қайың,
Өткенді еске алып сыбырлады.
Кеудені бір қайғы үңгіп қулай берді,
Өрепкіп ет жүрегім тулай берді
Сыбызғы тартқандай боп сырлы қайың,
Жамырап жапырақтар шулай берді....
II
Қартамен алдымдағы сырласамын,
Аралап нулы орманды, қырды асамын.
Кім білген тұр ма аңдып, ажал оғы,
Ішінен тап беруге бір тасаның.
Бақылау бекеттері – шоқы басы,
Етекте жаудың қалың от ұясы.
Бұлттай боп көңілімде көшіп жатыр
Соғыстың ертең болар уақиғасы.
Жанымды толқын қиял тебірентіп,
Келеді тар жолдармен мені ертіп,
Бір жерде алға сүйреп ағындаса,
Бір жерде лақтырады кері серпіп.
Сен менен кетесің деп қайда қашып,
Қартадан жатыр аран майдан ашып.
Сол сәтте бір жас жігіт кіріп келді,
Есігін жер төленің жайлап ашып.
Кеудесі шалқақ біткен тау ұсқынды,
Көрінді көздері өткір, жаны ұшқынды
Николай Перевалов,- деп ол өзін
Сыпайы әдеппенен таныстырды.
Әскери атап өтіп келте сөзден,
Жөнелдік сыр шкетерді шерте тезден,
Жатырмыз жолыққанға қауқылдасып,
Екеуміз таныстай-ақ ерте кезден.
Тынысын бір күрсініп терең алып
Өз жайын баян етті Перевалов.
Тауыпты Тынық Донда күздің күні,
Тұрғанда көктен нөсер селебе ағып.
Көңілден кетпейтұғын көлеңкесі,
Маған да таныс еді Дон өлкесі
Жататын әр жерде бір сұр төбелер,
Түйенің секілденіп қом өркеші.
Ростов тап болды ұлы сынға,
Соғыстың қалды қанды уысында,
Аңсайды Азов желін Перевалов
Отырып жертөленің бұрышында.
Күңіренді ол көңілдегі сырын айтып,
Ұмытар сүйген жарын, ұлын қайтып.
Екеуміз ойға батып көп отырдық
Шам тұрды күңгірт көзін сығырайтып.
Сол шамдай көңілі оның ала күңгірт,
Кеулеген жас жүрегін жара үңгіп.
Ойына ортақтасып, мең-зең болып,
Тұрғандай аспан қалғып, дала мүлгіп.
III
Жапырып өткендей-ақ жұты ақпанның,
Қалған тек құр сүлдері жұтап талдың,
Шамасы келмейтіндей сілкінуге,
Түнерген түн секілді бұтақтардың.
Екі жақ шаршаса да сілкілесіп,
Аңдысып бірін –бірі тұр тіресіп.
Соғыстың құдайлары оқта –текте,
Қояды тіл қатысып, күркіресіп.
Атылар сәтін күткен жолбарысқа
Ұқсап бір түсіп терең толғанысқа.
Қалқалап қара орманның қалың нуын,
Күш жинап жатыр полк қорғаныста.
Қайтуға жаудан бір тіл – дерек алып,
Аттанды бір солдатпен Перевалов
Атылған ракета көкке бойлап,
Төбеден шаншылады төмен ағып.
Күндізгі оқтан миы зеңіп аспан,
Қалтырап ауру жандай өңі қашқан.
Тек ата-анадай кәрі адырлар,
Арқаға тірек болып, көңіл ашқан.
Жамылып шымылдығын қараңғының,
Ақырын ұрлап басып әр адымын,
Екеуі азғана бір демін алды,
Тың тыңдап астында жар қабағының.
Тоғай да уілдемей түн ішінде,
Ешкімнің естілмейді жүрісі де.
Тоқтаған қозғалысы, бар қимылы,
Секілді дүние бір тірі сүлде.
Екеуі ентіктерін зорға басып,
Жылжыды тікенекті қорғанды асып.
Жақында ауыр бомба қазып кеткен,
Жатты кеп терең орға орналасып.
Толқын да жарға ұрмайды тулап соғып,
Дүние тұр тыныштыққа құндақ болып.
Осы бір жайбарақат жаратылыс,
Көңілге ой салады жұмбақ болып.
Шешуге бұл жұмбақтың сырын тұйық,
Тауып ап байланыстың сымын қиып,
Жатты олар.
Байланысшы безек қақты
Аузы бітелгендей құм құйылып.
– Тез жөнел керегіңді қамдап алып,
Жан барда байланысты жалға барып!-
Деп оған ақырды бір кәрі неміс
Өзегін өткендей шоқ-шала қарып.
Еш нәрсе связистің жоқ ойында,
Ысқырып келе жатыр жол бойында
Ішінен Переваловқуанады:
«Бұл ісім келеді-ау, деп бір орайына»
Шап беріп қос барлаушы алды артынан,
Біреуі дәу немісті алды алқымынан.
Ауызына екіншісі кенеп тықты,
Бақырып басқа бүлік салды антұрған.
Ракета көтерілді алда жайнап,
Шоқ-шоқ боп жерге түсті андағайлап.
Дұшпандар дүркін-дүркін оқтар атып,
Жағалай айқайлайды жау қайдалап.
Естілді қуғыншының жүрістері,
- Тұтқынмен от завалдан, кір ішкері!-
Деді де жолды тосты Перевалов,
Қанды кек өртке айналып тұр іштегі.
Оқпенен бұталарды сүзіп барлық,
Жалаңдап жау келеді ізін бағып.
Лақтырды Перевалов гранатты,
Жау тобын, гүрс етті ол, бұзып- жарып.
Түтінмен бірге шұбап жау андады,
От шашып автоматтар жалаңдады.
Тоғайдың бұталары дұшпан болып,
Құбыжық көлеңкелер қараңдады.
Жау оның жатқан жерін қарап алып,
Тұтқынға түсірмекші қамап алып.
Оқ тиді кері жылжи бастағанда
Қайран ер қалды ауыр жараланып.
Жүрсе де талай рет жолы болып,
Неліктен сәтсіз болды соңғы жорық.
Ертеңгі көлді басқан тұмандай боп,
Қара бұлт көкірегіне қалды қонып.
Найзағай шапағындай көкті жарып,
Қанаты ракетаның етті жарық,
Шаншылып көкке төмен сорғалайды
Тінтеді төңіректі отты жағып.
Найзалар соқтығысып қағысқандай
Жер мен көк бір-біріне жабысқандай
Зіркілдеп минометтер ақырады,
Бұлқынған, бұрқ-сарқ қайнап, арыстандай.
Ағылып мина, снаряд ұшты тынбай,
Алапат ажалдың от ұшқынындай,
Ашады пулеметтер ауыздарын
Ысқырған аждаһаның ұсқынындай.
Құйрықты жұлдыздардай оқтар аққан,
Желкілдеп шудалары оттар жапқан.
Айқасып өмір, өлім қос жауынгер
Секілді қан майданда көкпар тартқан.
Жарасын бүйірдегі ер ауырлап,
Жылжыды ақырындап жер бауырлап.
Ұшады көз алдынан көк жұлдыздар,
Ойнайды қарсы алдында көк дауылдап.
Жаралы бүйірден қан келеді ағып,
Барады бой ауырлап, денені алып.
Бұл халін бірдеңені жау да байқап,
Қаптайды мардымсынып, белең алып.
Әйтеуір жетті өлдім деп тас ығына
Сол жерде жауын бақты жасырына
Ызадан ызғар шашып Перевалов
Жатты ұқсап көк аспанның жасынына.
Лақтырды гранатты,
Дауыл тұрып,
Гүрілдеп лап етті көк жалын ұлып.
Аспанға жауды атып, қағып алып,
Астына басты қайта алып ұрып.
Тұрғандай қан соғыста еңіреп түн,
Тұманды түгін басты төңіректі.
Талмаурап талқысыды Перевалов
Жауынгер жолдастары келіп жетті.
Азынап өртті өршітіп жел үрледі,
Барлық күш қотарылды темірдегі,
Қатпады қара түтін қара бұлттай,
Жер беті жасырынып көрінбейді.
Қоршамақ қайткен күнде айла асырып,
Қайтадан бас көтерді жау басынып.
Дзотқа Николайды жайластырып,
Жөнелді жолдастары алға асығып.
Кезінде азғана сәл есі кірген,
Дзоттың алақандай тесігінен,
Жолдайды жауға оқты Перевалов
Мерт болған достарыңның есімімен.
Немістер қара құрттай құжынасып,
Келеді алғы шепті бұзып асып.
Денесі Перевалов ауыр тартып,
Барады бірте- бірте қызуы асып.
Түніреп келеді жау торлап алдан,
Түсінді ол халін енді торда қалған.
Бұлқынып ақтық күшін есікті ашып,
Дзоттан шықты сыртқа қолда наған....
Аспан тұр найзағайын шатырлатып,
Айнала көрінбейді жақында түк.
Қадалды бір қорғасын кеудесіне
Соңғы оғын өлді батыр атып жатып...
Гүрілдеп самолеттер,
Жерде танк,
Күңірентті катюшалар жер қопарып.
Алыста асау теңіз ақырғандай
Күркіреп, тасқын айдап, сел қотарып.
Басталды дүниедегі бір ұлы айқас,
Күркіреп күннен әлде түсті жай тас.
Бомбадан көкке атылып күл- талқан боп,
Қиыршық құмдай ұшты кәрі жартас.
Қызыл өрт дауыл үрлеп қанат жайып,
Толқыды от теңізі таңғажайып.
Оққа ұшқан жауынгердей құлап түсіп,
Қатары қарағайдың қалды азайып.
Иленіп қалды үлкен тас тағадай,
Шулады орман жылап жас баладай,
Көмілді күннің көзі көк түтінге
Шұғыласы күлгін тартып шашқан арай.
Кешкілік ұрыс тынып, басылғанда,
Күн көзі қара бұлттан ашылғанда.
Қорғаған өзі оққа төсін төсеп,
Қойды оны арыстанбел асу жонға.
Он дүркін сілкіндіріп шоқы-құзды,
Салюттің кешкі аспанда оты жүзді
Достыққа жауынгерлер белгі етіп,
Басына бала қайың отырғызды.
Тұтанып соғыс оты қызып жатты,
Батырлар жау қамалын бұзып жатты
Бұғаудан Дон өлкесін босатуға
Жоспарын генералдар сызып жатты.
IV
Күрсініп бұзды кенет күн райын,
Басты кеп көкіректі мұң-уайым.
Осы бір оқиғаны еске салып,
Теңселіп сыбырлады сырлы қайың.
***
Көзін жазбай ұзақ күндер шығыстан,
Қобыландыны күткен қанды ұрыстан,
Қыз Құртқа мен Ярославна өзіңсің
Я апа, я сіңлі боп туысқан.
Ақсарыбас атап өзін құрмалдық,
Туған елге махаббатын құрбан ғып,
Қара түндей қара шашы жайылып,
Қалды Құртқа.
Қан жылады тұрған жұрт.
Ел батырын елеңдетпес қай дүбір,
Қыз Құртқаға қатты батты қайғы бұл.
Екеуі де егіз арман секілді,
Кетті Қобылан астында ойнап Тайбурыл
Қобыландыны шармағанда шыңырау,
Тайбурылға салынғанда қыл бұғау,
Тағдырыңдай тарқатылып бұрымың,
Жылғалардай жылап, Құртқа тұрдың-ау.
Оның халін ұққан жоқсың сен біліп,
Көкірегін сен секілді шер буып,
Таза мөлдір жаныменен, арымен,
Ярославна тұрды жолға телміріп.
Балқып-еріп қорғасындай қайран жан,
Ол да күтті махаббаттың майданын.
Үмітінен қол үзбеді ешқашан,
Сағыныштың сағымына айналған.
Келсе-дағы талай суық бұлт хабар,
Аңыз болды періштедей жұртқа бар.
Айнымайтын ақ махаббат, адал жар,
Туыссыңдар Ярославна, Құртқалар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шөңге

  • 0
  • 0

Туған жердің шаңдатып төсін бүгін,
Айлы түнде шарлаймын Тосын құмын.
Өткелінен аттаймын Қарғалының,
Толқынына жанымның қосып жырын.

Толық

Исамен кездесу

  • 0
  • 0

Алматыда декабрь, көк сылпылдақ,
Исекең өлеңімді отыр тыңдап.
Кездессе жақсы жолға жас балаша,
Жайнайды жанарынан от жылтылдап.

Толық

Тұр екен ғой теректер...

  • 0
  • 0

Біз келеміз көз ілмей,
Көрінбейді жол шеті.
Жарық айдың көзіндей
Жарқырайды көл беті.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер