Ұмытпа, ұмытпашы осы күндi
Бұл бетте «Ұмытпа, ұмытпашы осы күндi» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ұмытпа, ұмытпашы осы күндi,
Менi еске ал тербеткенде бесiгiңдi.
Бұл тағдыр түсiмiзде табыстырар
Бiздерге жазбағанмен қосылуды.
Шарасыз құшағымыз айырылып,
Қарадық қоштасарда қайырылып.
Қайырлап қала бердi-ау сонда сенiң
Толқыған көңiлiңде қайық – үмiт.
Бiз ендi бұрынғыдай жолықпаспыз,
Мен – жiгiт, сен – бейкүнә болып жас қыз.
Бiрiмiз бiрiмiзге телефонмен
Ешқашан түсiмiздi жорытпаспыз.
Бiз ендi жаным десiп,
сәулем десiп,
Жүрмеспiз бұрынғыдай дәурен кешiп.
Орманшы бөлiп алған көшеттердей
Екеуімiз кеттiк екi орманда өсiп.
Менi де, өзiңдi де кешiре бiл,
Жадыңнан қатал ойды өшiре бiл.
Қазықты қайырылар таба алмасақ,
Сүремiз махаббатсыз несiне өмiр?
Сөзiңмен сезiмiмдi дiр еткiздiң,
Келмейдi ендi күйбең күн өткiзгiм.
Осынау шексiз ғарыш қойнауында
Өзгенi жылытар ендi жүрек бiздiң.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі